Қазақ фольклорының кейіпкерлері комикстер мен мультфильмдерде пайда болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда «Ұрпақ тәрбиесі: балалар контенті және медиасауаттылықты арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің Алматы қаласындағы филиалы ұйымдастырған жиынға балалар жазушылары, салалық басылымдардың редакторлары, журналистер мен кітапхана ісінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар балаларға арналған заманауи мерзімді басылымдар мен әдебиетті дамыту, сапалы ұлттық контент қалыптастыру, медиасауаттылықты арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелерін талқылады.
Іс-шарада қазақ фольклорындағы кейіпкерлерді комикс пен анимацияға бейімдеу, ғылыми-танымдық контентті дамыту, кітап иллюстрацияларының сапасын арттыру және авторлар мен оқырмандар арасындағы байланысты күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ ақпаратпен дұрыс жұмыс істеу дағдылары сөз болды. Қатысушылар балаларды ақпаратты талдауға, дереккөздерді сыни тұрғыдан бағалауға және сапалы контентті таңдай білуге үйретудің маңызын атап өтті.
Айта кетейік, Астанада 15 кітап оқып, 600 мың теңге ұтып алуға болатынын жазғанбыз.