Қазақ футболының ардагері Марат Есмұратов өмірден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ футболының ардагері, тәжірибелі ойыншы әрі бапкер Марат Жалғасұлы Есмұратов 65 жасында өмірден озды.

Қазақ футболының ардагері Марат Есмұратов өмірден өтті
Фото: «Қайсар» футбол клубы

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.

— Марат Жалғасұлы — отандық футболдың дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жеті мәрте алаңға шыққан. Кәсіби еңбек жолында «Мелиоратор», «Машук», «Қайрат», СКИФ-«Ордабасы», «Актюбинец», «Мұнайшы» клубтарында өнер көрсетіп, 2001 жылы туған клубы «Қайсар» сапында футболшы мансабын аяқтады. Ол Қазақстан Премьер-лигасында 265 матч өткізіп, 6 гол соқты, — деп жазылған хабарламада.

Федерация мәліметінше, М. Есмұратов

бапкерлік қызметінде «Қайсар», «Ақбұлақ», БЖМОРСМ № 2, «БТА Футзал» МФК, «Жетісу» және «Алтай» клубтарында еңбек етті. 

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының FIFA рейтингіндегі орны өзгерді.

Соңғы жаңалықтар