Қазақ ғалымдары селен металын байыту арқылы 15 млн доллар табыс әкелген

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ғалымдардың әдісімен тазартылған селеннен жылына 15 млн доллар кіріс түседі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тазартылған селеннің үлгісін журналистерге таныстырды.

селен
Фото: Pexels

«Біздің Қаныш Сәтпаев университетінің базасындағы кен байыту және металлургия институты бірнеше жылдар бойы селен деген сирек металды байытудың жаңа әдістемесін пысықтаған. Алты жылдай екі үлкен нысаналық грант бойынша жұмыс істеген. Алдыңғы жылы біз Кен байыту институтына нақты тапсырма бердік. „Енді теориялық тұрғыда жасаған әдістемеңізді нақты қолданбалы форматқа ауыстырыңыз“ дедік. Олар бір жылдың ішінде арнайы пешті жасап шықты. Бұл — мырыш, мыс сияқты металдардың балқытудан шыққан қалдық. Оның ішінде қорғасын, алтын және селен бар. Лас селеннің бір келісі нарықта 10-12 доллар тұрады. Біздің ғалымдардың әдісімен осы селен 99,5 дейтін тазалық көрсеткішімен рафинадталды. Бір жақсы жері, реагентсіз. Қазір осылай тазартылған селеннің бір келісі 150 доллар тұрады. Осылай ғалымдарымыз кәсіпорынның кіріс көзін 15 есе ұлғайтты», — деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол былтыр тамызда осы жобаға арнап Балқаш мыс зауытында эксперименталды цех ашылғанын еске салды.

«Енді жылына 100 тоннадай тазартылған селен шығарамыз. Бұл — 15 млн доллардай таза кіріс деген сөз», — деді министр.