Қазақ ғалымдарына Өзбекстан архивіне есік ашылды
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш пен «Узархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов архиваралық байланысты нығайтуға бағытталған өзара келісім құжатына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы архив деректерін алмасу жұмысын оңайлатады. Келісім аясындағы бірлескен іс-қимыл жоспары ғалымдар мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынады деген үміт бар.
«Президент биыл Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде «Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар», - деген тапсырмасы бар. Биыл қазақстандық делегация Өзбекстанға сапар жасап Өзбекстан архивінің басшылығымен бірлескен іс-шаралар бойынша келісім жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде бүгін аталған келісімді құжат жүзінде бекіттік», - деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ, өзара іс-қимыл жоспарында Қазақстан мен Өзбекстан арасында архивтік құжаттарды толықтыру, кітаптар шығару, зерттеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Былтыр «Архив-2025» кешенді жоспары аясында мемлекеттік архив қызметкерлері 14 елде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, елге Қазақстан тарихымен байланысы бар 7000-нан астам құжат жеткізген. Қазір аталған құжаттарды ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүріп жатыр.