Қазақ ғалымы жолды қыста да асфальттайтын әдіс ойлап тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының ұжымынан ақжол­тай ақпарат келіп жетті, деп хабарлайды «Алматы ақшамы» басылымы. Ғалым Бағдат Телтаев Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы төралқасының шешімімен көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы Алтын медальмен марапатталған.

Қазақ ғалымы жолды қыста да асфальттайтын әдіс ойлап тапты

 Институттың жетекшісі, «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлер академия­сының және Халықаралық көлік академия­сының академигі, ТМД және Қазақстанның құрметті жолшысы Бағдат Бұрханбайұлы Телтаев Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы төралқасының шешімімен көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты  Петр Капица атындағы Алтын медальмен марапатталды. 

Бағдат Бұрханбайұлы бұл жоғары марапатқа   «Төменгі температуралы  жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы»  атты ғылыми еңбегі үшін ие болып отыр.    Бұл ғылыми жаңалық автомобиль жолдары саласындағы ең алғашқы ғылыми жаңалық болып саналады. Б.Телтаевтың  жаңалығында термоди­намиканың қайтымсыз үрдісі мен синергетика негізінде темпера­туралық жарықшақтары бар асфальтбетон жол жамылғысы, термодина­микалық жүйенің сыртқы әсерлерге бейімделуінің түрі болып келетін ерекше дисспативтік құрылым екендігі дәлелденген.  Аталмыш  заңдылық, сондай-ақ, жарықшақтар санын алдын ала  болжауға және әртүрлі ауа райы мен климаттық жағдайда асфальбетон құрамын таңдау арқылы жарықшақтар санын кемітетін жобалар жасауға мүмкіндік береді.