«Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті

Осыған орай бүгін Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығымен бірлесіп «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Жиынның мақсаты - ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының көтерген дүниелеріне бүгінгі қоғамның көзқарасымен қарап, қазіргі заманғы өзекті мәселелерді талқылау, пікір алмасу.
«Жалпы ХХ ғасыр басындағы алаш зиялыларының негізгі идеялық орталығы, ақыл-ойының ұясы, сондай-ақ жалпы қазақ санасының оянып, жүрегін дүр сілкіндіруге үлкен түрткі болған «Қазақ» газетінің тарихы, тағылым-тәжірибесі бүгінгі таңда да аса өзекті. Тоқтала кететін жайт, әр ғасыр басында мемлекеттер тарихында көптеген ұқсастықтар орын алып жататыны рас. Сол тұрғыдан алғанда кезінде «Қазақ» газетінің бетінде көтеріліп, ұлыстарға үлкен ой салған мәселелер әлі өзегін жойған жоқ. Ендеше сол жылдары қоғамға қозғау салған мәселелерге назар аудару маңызды», - дейді жиын барысында сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ.
Жиынға алаштанушы ғалымдар, Мәжіліс депутаттары, тарихшылар қатысты.