Қазақ география қоғамының альпинистері Орталық Тянь-Шаньдағы алғашқы 2 бағыттан өтті
АЛМАТЫ. 24 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ география қоғамының техникалық альпинистері Орталық Тянь-Шяньға экспедициясы кезінде Қырғызстанның Ала-Арча шатқалындағы алғашқы 2 бағыттан өтті.
Олар өткен жексенбіде 3Б дәрежелі 4400 метрлік Зерттеуші және 5А дәрежелі 4515 метрлік Байчесекей шыңдарына көтерілді. Сондай-ақ Ресейдің Томск қаласының шыңға өрмелеушісін құтқару жұмысына қатысып, техникалық альпинизм мен құтқару жұмыстары техникасынан міндетті сынақ тапсырды. Енді алдағы уақытта 5А дәрежесіндегі Корон шыңының барлық биіктеріне шықпақ.
«Мүмкіндік шегіндегі тәуекел» деп аталатын жаңа жоба аясында жүзеге асырылып жатқан бұл экспедиция 5 шілде мен 1 тамыз аралығында өтеді. Бұл сапар кезінде альпинистер командасы Орталық Тянь-Шянь мұздық алқабының экологиялық жағдайын зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар атқарады. Олар онда ауа-райын болжау, өндірістің қоршаған ортаға әсері мен ғаламдық жылынуды зерттеушілер үшін топырақ пен қар үлгілерін жинамақ.