Қазақ гуманитарлық-заң университетінде академик Салық Зимановқа арналған дәрісхана ашылды

«Бүгін академиктің атымен аталатын дәрісхананы ашып отырмыз. Біздің мұғалімдер және мен өзім Салық Зимановтың дәрістерін мыңдап, тәлім алғанбыз. Біздің оқу орнында сол кісінің шәкірттері баршылық. Осы орайда академиктің атындағы дәрісхананың арнайы ашылуы өте орынды деп есептейміз», -деді Қазақстан гуманитарлық-заң университетінің президенті Мақсұт Нәрікбаев
С.Зиманов Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге атсалысқан заңгер. Ол Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тармағының демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. Елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтың жүріп өткен өмір жолы - өскелең жастарға үлгі. «Ғылым сардары» атанған академик С.Зиманов қазақ ғылымын биік белеске көтерген ғалым. Оның қаламынан шыққан мемлекет тарихы мен құқық саласына қатысты, саяси және құқықтық жүйе тарихы, конституциялық құқық, мемлекеттік құқық және саясаттану ғылымдары бойынша зерттеген еңбектері мыңдаған маманның өмірден дұрыс жол табуына себеп болды. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз С.Зиманов Ұлттық ғылым академиясындағы құқықтану ғылымын ұйымдастырушы ретінде танымал.
Мемлекет және қоғам қайраткері Салық Зиманов 1921 жылы ақпанның 19-ында дүниеге келген. Соғысқа дейін мұғалім болып еңбек еткен ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Полктің штаб бастығы болған гвардия майоры Салық Зиманов майдандағы ерлік жолы үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кавказ қорғанысы үшін» медалімен марапатталған.
Қоғам қайраткері С.Зиманұлы соғыстан кейін Бүкілодақтық заң институтының Қазан филиалын және КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын тәмамдады. Ол 200-ден аса ғылыми жұмыстың авторы, оның 12-сі монография, Мемлекет тарихы және Кеңестік Қазақстанның құқы атты үштомдық басылымның авторы, әрі жетекшісі.