Қазақ гуманитарлық заң университетінде халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады
Бұл Қазақстандағы осындай алғашқы мекеме болмақ. Мұндай мекемелер Германияда, Ұлыбританияда және Нидерландта кеңінен тараған. Әрбір шетелдік ЖОО-да осындай құрылым бар, оларда клиенттерге белсенді қызмет көрсетіледі.
ҚазГЗУ-дің Халыққа қызмет көрсету орталығының басты мақсаты - бір терезе принципі бойынша студенттерге жалпы саны 40 жуық сапалы және жедел қызмет көрсету. Студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, талапкерлерге және олардың ата-аналарына құжаттар қабылдау, оқуға түсу, оқудан шығу, ауысу, білім алудағы өзгерістер, жатақханаға орналасу т.б. қажетті мәселелері бойынша қызмет көрсетіледі.
Сондай-ақ, мұнда Астана қаласының тұрғындарына заң, экономика, психология мәселелері бойынша тегін кеңес беру орталығы өз жұмысын бастайды. Осы шаралар ЖОО-ның сервистік қызмет көрсетуін оңтайландыру үшін жасалған, бұл әсіресе университет студенттеріне қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді.
ХҚКО қызметкерлеріне қойылатын басты талап - сыпайлық, ықыластылық, ізгі ниеттілік. Басқа да халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай персоналға дауыс беру арқылы баға беріледі, ол студенттерге қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Бір студентке қызмет көрсетудің уақыты - 15 минут. Осы уақыт ішінде қызметкер қажетті құжаттарды, өтінішті қабылдап, басқа бөлімдерге келісімге жібереді.
Өтініш 3 жұмыс күні ішінде қарастырылады, содан кейін студентке өтінішінің орындалу барысы туралы смс-хабарлама жіберіледі. Алдағы уақытта студенттер өтініштерін электронды түрде бере алуы үшін ҚазГЗУ-дің Халыққа қызмет көрсету орталығын электронды Үкімет бағдарламасына қосу жоспарланған.
Болашақта еліміздің барлық жоғары оқу орындарында осындай орталықтар ашу көзделіп отыр.