Қазақ халқы - Жошы ұлысының тікелей мұрагерлері – канадалық ғалым

ғалым
Фото: Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысқан Торонто университетінің ғалымы Джю-Юп Ли бұл тақырыптағы зерттеуімен бөлісті. 

Канадалық ғалым «Жошы ұлысындағы ұлттық сәйкестендірудің әртүрлі дереккөздердегі ерекшеліктері» тақырыбында зерттеу жасаған. Ол ізденіс барысында Жошы ұлысының халқын ортағасырлық тарихшылар «өзбек, татар не тоқмақ» деп жазғанын айтады.

– Жошы ұлысының халқы түрлі тарихи деректерде өзбектер, татарлар және тоқмақтар деп аталған. Мысалы, илхандық тарихшылар бұл ұлыстың халқын өзбек деп жазған. Парсы географы Казвини Хамдаллах Мостоуфи (1284-1350) өзінің «Тарих-и гузида» еңбегінде: «Жошы елінің халқы Өзбек хан билеген уақыттан бастап өзбектер аталып кеткен» деп көрсетеді. Тимурид әулетінің тарихшылары да Жошы еліне өзбек және тоқмақ деп анықтама берген. Олар заманауи Қазақстанның тарихи хандары саналатын Ұрыс хан мен Тоқтамыс ханның халқын да солай атаған. Ал Қырым татарлары арасындағы тарихшылар көшпенді халыққа қатысты татар сөзін қолданған. Осман империясының тарихшылары да Жошы ұлысына қатысты «татар» терминін пайдаланған. Алайда бұл жазбаларда көрсетілген «өзбек» және «татар» сөзінің мағынасы қазіргі татар немесе қазіргі өзбек ұлтына тікелей қатысы жоқ, бұл терминдер сол кезеңде өмір сүрген түркі ұлттарының жалпақ атау болған. Әрине кейіннен Жошы ұлысы бірнеше хандыққа бөлініп кетті, - деді Джю-Юп Ли.

Сондай-ақ Торонто университетінің ғалымы кеңестік деректер мен ортағасырлық деректер арасында қарама-қайшылықтар бар екенін атап өтті.

- Кеңестік дәуір кітаптарында жазылған деректер мен қазір біздің тауып жатқан жаңа архивтік материалдарда қарама-қайшылықтар көп. Мысалы, кеңестік деректерде Жошы ұлысы өзбектерге, татарларға бөлінді деген ақпараттар бар. Бірақ заманауи зерттеулерге қарасақ, шын мәнінде ондай бөлініс болмаған. Орта ғасырлық тарихшылар Жошы ұлысының халқын – қазақтар, өзбектер және татарлар деп бөлмеген. Сондықтан тарих оқулықтарындағы деректерді қайта қарау қажет. Жалпы зерттеуімдегі негізгі ойым – қазақ халқының Жошы ұлысының тікелей мұрагері екенін көрсету және дәлелдеп шығу. Қазіргі өзбек ұлты жергілікті шайбанид өзбектер мен ирантілді халықтардан құралған. Олар қыпшақ тілінде сөйлемейді, тілі қарлұқтарға жақын. Ал, қазіргі татарлар Қырымға көшіп барған әртүрлі ұлттардан құралған және олар аралас түркі тілінде сөйлейді. Ал заманауи қазақтар Жошы ұлысының құрамында болған көптеген ру-тайпадан құралған және қыпшақ тілінде сөйлейді. Сондықтан қазақтарды Жошы хан құрған ұлыстың негізгі мұрагері деуге болады, - деді канадалық ғалым.

Соңғы жаңалықтар