Қазақ халқының мәденитімен тереңірек танысу үшін Қазақстанға қайта келемін - IРho-ның хорваттық қатысушысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халықаралық деңгейдегі ірі шараларды өткізу арқылы елдегі тұрақтылық пен даму қуатын байқатып отыр. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Физика бойынша 45-ші Халықаралық олимпиадаға (IРho) қатысқан хорваттық Матэ Вилиц мәлім етті.

Қазақ халқының мәденитімен тереңірек танысу үшін Қазақстанға қайта келемін - IРho-ның хорваттық қатысушысы

«Алдағы уақытта мүмкіндік болып жатса, қазақ халқының мәдениетін тереңірек тану үшін Қазақстанға турист ретінде екінші рет сапарлауға ниеттімін», - деді ол.

Матэ Вилиц Қазақстанмен және Астанамен, қазақ халқының мәдениетімен, мемлекеттің жетістіктерімен танысуға арналған шаралар оған ұмытылмастай әсер бергенін атап өтті.

Хорватиялық мейман физикадан осы олимпиадаға екінші рет қатысып отырғандығын және бұл білім бәсекесінің биыл Қазақстанда ұйымдастырылуы деңгейі осының алдындағы олимпиадаға қарағанда жоғары екенін жеткізді.

«Қазақстанның бұдан ары қарай гүлдене беруін тілеймін. Сонымен қатар елдеріңізде осындай ірі халықаралық шаралар өткізіле берсін деймін. Себебі, өзге елдердің өкілдері қазақ халқының бірегей мәдениетімен және дәстүрімен танысуға мүмкіндік алады», - дейді ол.

Бірнеше күннен бері жас физиктер 2 турға қатысып, теориялық және эксперименттік тұрғыда қазіргі заманғы физика саласында өздерінің білім деңгейін көрсетті. Екі турдың қорытындысы бойынша 45-ші IPhO-ның халықаралық қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Жеңімпаздардың есімдері бүгін түстен кейін Бейбітшілік және келісім сарайында марапаттау рәсімінде белгілі болады.