17:50, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақ халқының өткені де, бүгіні де, болашағы да үнемі Абаймен өлшенеді ? М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен жарыққа шыққан «Абай» кітабының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бүгін - қазақ мәдениетіндегі атаулы күн. Өйткені қазақ халқының өткені де, бүгіні де, болашағы да үнемі Абаймен өлшенеді. Абай ? біздің ұлттық паспортымыз, руханиятымыздың шамшырағы деуге толық негіз бар», - деп атап өтті тұсаукесерде ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мәдени шараға сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары, танымал жазушылар, журналистер мен мәдениет қайраткерлері қатысты.Кітаптың авторы ? танымал орыс жазушысы, сыншы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Николай Анастасьевтің айтуынша, ол бұл шығарманы шамамен 1-1,5 жылда жазып шыққан. «Өнегелі адамдар өмірі» сериясының шығып жатқанына 120 жыл толды. Оның алғашқы кітабы ұлы Абайдың көзі тірі кезінде жарық көрген. Содан бері әлемнің картасында қаншама мемлекеттер жаңадан пайда болды, әдебиетте ұлы оқиғалар өтті. Сондықтан, бұл сериядан Абай атамыздың орын алуы біздің мәдени өміріміздегі айтулы оқиға. Абайдың әлемнің ақыл-ой алыптарының қатарында тұруы, оған өз дәрежесіне лайықты кітаптың жазылуы бүгінгі ұрпақтың парызы болатын. Сол парыздың бүгін орындалған күні деп білемін», - деді ҚР Ақпарат және мәдениет министрі. Ведомство басшысының айтуынша, алдағы уақытта кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы міндетті түрде жарық көреді.ҚазАқпарат анықтамасы: «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен көркем-өмірбаяндық кітаптарды шығарудың негізін 1890 жылы орыс ағартушысы Флорентий Павленков қалады. Кейін 1933 жылы М.Горькийдің бастамасымен бұл серия бойынша кітаптар қайта шыға бастады. Жыл сайын 20-30 өмірбаяндық кітап жарық көреді. Олардың мазмұны ХХ ғасырдың 50 жылдарында жарияланған басты үш қағидаға негізделген. Олар ? ғылыми дәлдік, жоғары әдеби деңгей және қызықтылық. Қазіргі уақытта аталмыш сериямен шыққан кітаптардың жалпы таралымы 100 миллионнан асты.