Қазақ халқының пейілі мен көңілі оның даласындай өте кең екен - американдық саяхатшы
АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Қазақстан мәңгілік менің жүрегімде қалады", - деді американдық байкер Даг Вотке кеше Балқаш көлінің жағасында өткен байкерлердің 5-ші фестивалі кезінде.
"Бұрын Қазақстан туралы ештеңе білмейтінмін. Қазір өз көзіме өзім сенбеймін. Ұланғайыр қазақ даласымен қанша күн жүрсең де оның бір қиырынан екінші шетіне жете алмайды екенсің. Берлинде басталған бұл сапарым Магаданға дейін созылмақ. Бұған дейін Шығыс Еуропа арқылы Кавказ бен Орталық Азия елдерінде болдым", - дейді Даг Вотке. Оның айтуынша, оның осы уақытқа дейінгі саяхатында ең ұзақ жолы Қазақстан арқылы өткен. Сұлулығын айтуға тіл жетпейтін бұл өлкенің тұрғындарының қонақжайлығын естігенмен дәл мұншалықты деп ешқашан ойламаған. Әрбір тоқтаған жерінде олар жолдың барлық жай-жапсарын тәпіштеп түсіндіріп, меймандостық пейілімен шығарып салғанда саяхатшылардың жүрегінде қимастық сезімі берік орныға түсуде.