Қазақ халқының санасында «мұсылман» ұғымы мен «қазақ» ұғымы әлдеқашан бірігіп кеткен - О.Жәлел
Бұл пікірін бүгін Астанада «Ислам діні және ұлттық біріздендіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысы барысында абайтанушы Омар Жәлел білдірді.
О.Жәлелдің айтуынша, «Алла - бір, Пайғамбар (с.а.с) - хақ, дінім - ислам, кітабым - Құран», - деп мақалдайтын қазақ, бүгін өзін мұсылман екендігін жұртқа дәлелдеуге мәжбүр болып, трагикомедиялық күй кешуде.
«Бұл - ащы да болса, ақиқат. Бүгінгі күннің шындығы. Осы ахуалға, осындай пүшайман халге қазақ социумы «қалай ұрынды?», «қалай тап болды?», деген аш бүйірден қадалатын сүйкімсіз сұрақтың туындауы да заңды», - дейді ол.
Оның пікірінше, бәрі де жұмыр басты пендені құдайлық деңгейге көтеріп, пұтқа табынған коммунистік Кеңес Одағының ыдырауынан басталды. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін мың өліп, мың тірілген қазақ жұрты атеистік ауыр соққыдан, дінсіздіктің дойыр қамшысынан есін жия алмай жатқанда, елімізге сырттан шатақ діндер лап қойды. Жері құйқалы, халқы момын, әрі діни сауатсыз, асты-үсті қазына-байлыққа мол қазақ жеріне көз тіккен шатақ діндер батыстан да шығыстан да ағыла бастады. Ақырында бір-біріне «брат», «сестра» дейтіндер пайда бола бастады.
«Басынан талай құқай мен басқыншылықты өткерген қазақ бұл басқыншлыққа төтеп беруге тырысып-ақ жатыр. Қазақ қоғамы ышқынып, бар рухани әлеуетін жинап, әлсіреп кеткен дінін қалпына келтіруде. Бұл тараптағы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан игі істері баршылық. Басында өздері де осы басқыншылыққа бой алдырып, рухани ахуалды анық бағамдай алмаған олар, бүгінде есін жиып, желдің қай тараптан соғып тұрғанын анық саралай бастады», - дейді О.Жәлел.
Абайтанушы, қазақ халқының санасында «мұсылман» ұғымы мен «қазақ» ұғымы әлдеқашан бірігіп кеткенін айтады. Оларды бөле-жара қарастыру тіпті мүмкін емес. Оларды бір-біріне қарсы қоюды да тоқтату керек. «Исламның қағидалары мен заңдары біздің салт-дәстүрімізге кірігіп кеткен. Кірігіп кеткені соншалық, оларды айыру сүттің құрамындағы су мен сүтті айыруға ұмтылған аңғырттық пен ақымақтыққа тең болады. Сол себептен де бүгінгі күні: «қазақтың дәстүрінде былай, исламда былай», - деп қазақ дәстүрі мен дінді қарсы қою да негізсіз», - деді ол.