Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпын «NOMADS» онлайн-ойыны арқылы зерделеуге болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпын «NOMADS» онлайн-ойыны арқылы зерделеуге болады. Бұл туралы бүгін алғашқы қазақстандық браузерлік «NOMADS» тұсаукесерінде белгілі болды.
«Бүгінде ғаламторда онлайн-ойындар өте көп, алайда ұлттық өнім жоқ. Сондықтан да өткен жылы ойындарды құрастырушы Әсет Оспановтың ойына қазақ тіліндегі браузерлік ойынды құрастыру идеясы келеді. Өткен жылы қазан айында біздің «KazBussinesMedia» қоры бұл бастаманы қолдап, ойынды құрастыруға кірістік. Ойын толығымен ежелгі түркілер мен қазақтардың тарихына негізделген. Оны қазақстандық мамандар жасаған. Ойынды құрастыруға шетелдік мамандар тартылған жоқ», - деді «KazBussinesMedia» қоғамдық қоры кеңесінің төрағасы Асқар Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, 2 ай бұрын әлеуметтік желілерде ойынның ілкі нұсқасы қосылған. «Ойын екі тілде - қазақ және орыс тілдерінде дайындалды. Болашақта аудиторияны кеңейтіп, ТМД елдерінің геймерлерін тарту көзделген. Ойынның өзбек және қырғыз тілдеріндегі нұсқаларын жасап Орталық Азияның интернет кеңістігіне дейін шығу жоспарланған. Сондай-ақ башқұрт геймерлері де қызығушылық танытуда. Олар ойынды башқұрт тіліне аударуға септесуге ниетті», - деді А.Омаров.
Ойынның авторы Әсет Оспанов аудиторияға қалай тіркеліп, ойынды қалай бастау керектігін үйретті. Ол ойын кейіпкерлері дала батырлары мен сақшылары екенін жеткізді. Мұнда қазақтың қару-жарақтары дәл қалпында компьютерлік нұсқада жасалған. Ойынды әзірлеушілер атап өткендей, олар оны әрі қарай жетілдіретін болады.