Қазақ халқының жүрегіне жүзден астам ұлт өкілі сыйып кетеді - ұйғыр этно-мәдени орталығы

None
Фото: rsk.almaty.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ұйғыр этномәдени орталығының өкілдері қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы жоғары кеңесінің төрағасы, «Ұйғыр авази» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Әсметовтың пікірінше, Алғыс айту күні ең маңызды және құрметті күн.

«Өйткені алғыс жүректен шығады. Алғыс адамдарды жақындастырады, татуластырады. Бұл мерекенің жыл сайын үлкен мәнге ие болып келе жатқанына қуаныштымын», – дейді ол.

Сондай-ақ ол қазақ халқының жүрегіне жүзден астам ұлт өкілі сыйып кететінін зор қуанышпен атап өтті.

«Шетелдерге жұмыс бабымен барғанымызда бәрі таң қалып: «Осындай көпұлтты мемлекетте адамдар қалай тату-тәтті өмір сүреді?» деп сұрайды. Оған себеп – қазақ халқының, оның айналасындағы барлық ұлттар мен ұлыстардың жүрегінің тазалығы деп білемін», – дейді спикер.

«Жастар ассамблеясы» РҚҰ мүшесі, Қазақстан Ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Қайрыев та барша қазақстандықты алғыс айтуға шақырды.

«Бұл өте маңызды, айтулы мереке. Нағыз тектіліктің мейрамы. Алғыс айта білу – шын мәнінде адамның қаншалықты асыл, жылы жүректі адам екенін аңғартады. Барлығы үшін «рахмет» айта білу керек. Сондықтан мен, әсіресе, жастарды ұялмай, көшеге шығып, күлімсіреп, әрбір қазақстандыққа алғыс айтуға шақырамын. Бүгінгі бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға әрбір қазақстандықтың қатысы бар. Әрбір қазақстандық осы тату отбасының мүшесі. Қазақстан халқы Ассамблеясының және барша қазақстандықтардың атынан жастарымызды құттықтап, оларға табыс, өркендеу, еліміздің экономикасының дамуы жолында бәсекеге қабілетті болуын тілеймін», - деп түйіндеді ол сөзін.


Соңғы жаңалықтар
telegram