«Қазақ хандары» атты жаңа тарихи-танымдық кітапқа шетелдіктер тарапынан қызығушылық артып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ хандары» атты жаңа тарихи-танымдық кітапқа шетелдіктер тарапынан қызығушылық артып келеді.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Сардар» баспа үйінің директоры Әділ Қойтанов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, кітаптың мазмұны тарихи деректерге бай, сондай-ақ безендірілуі түрлі түсті. Қазіргі кезде туынды жалпы жеті мың таралыммен шықты.
«Кітап жарыққа шыққаннан кейін бізге Польша мен Болгариядан хабарласып, оны сатып алуға тапсырыс берді. Сонымен қатар Польша тарапы оны өз тілдеріне аударуға ниет білдірді. Сонымен қатар біз оны қытайша аударуға жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса, шетелдегі қандастарымыз үшін кітапты төте жазумен шығаруды қарастырудамыз. Қазірдің өзінде сұраныс көп болғандықтан кітаптың таралымын арттыру жоспары бар»,-деді Ә. Қойтанов.
Кітаптың авторы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев бұл туынды қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көргенін атап өтті.
«Көпшілікке түсінікті болуы үшін тілі қарапайым жазылды. Яғни ғылыми тілде емес, көпшілікке арналған түсінікті тілде басылды», - деді ғалым.
«Жақында ғана жарыққа шыққан «Қазақ хандары» кітаптың тұсаукесері өткенде болды. Соны бүгін көпшілікке таныстыруға алып келіп отырмыз. Бұрындары оқулықтар мен басқа да зерттеулерде қазақтың хандары туралы бар екендігі туралы белгілі болды, бірақ оларды жүйелі түрде біріншісін, екіншісін және үшіншісін ретпен келтіріп, соңғы ханға дейін толық түрде зерттелмеген еді. Мына кітапта біртұтас Қазақ мемлекетінің, біртұтас Қазақ хандығының билігінде болған 17 хан қамтылды», - деді Б. Кәрібаев.