Қазақ хандығының мемлекеттік бастауы Жошы ұлысынан басталатынын әлемге дәлелдеуіміз керек – профессор пайымы

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразия кеңістігіндегі ең ірі саяси құрылымдардың бірі — Жошы ұлысының шынайы тарихын қалпына келтіру және оның халықаралық аренадағы құқықтық-тарихи заңдылығын дәлелдеу — отандық ғылымның басты міндетіне айналмақ. Астанада өткен халықаралық симпозиум аясында тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес Алтын Орда феномені, оның әлемдік экономикадағы рөлі және кеңестік идеологияның бұл тақырыпты тұмшалау себептері туралы өзіндік пайымымен Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында бөлісті. 

«Жошы хан»
Фото: primeminister.kz

Ұзақ уақыт бойы Алтын Орда тақырыбы саяси-идеологиялық себептерге байланысты жабық болып келді. Кеңес өкіметі бұл кезеңді тек «басқыншылық» ретінде көрсетуге тырысты, тіпті Әлкей Марғұлан сияқты ірі ғалымдарға бұл бағытты зерттеуге тыйым салып, қолхат алған. Бүгінде сол тарихи әділеттілік қайта орнап жатыр.

— Алтын Орданы біз теріс көзқараспен, басқыншыл ел болған деп қабылдап келдік. Бірақ «басқыншыл» деген анықтама дұрыс емес. Түркі билеушілері өздеріне тиесілі аумақтарда қайтадан өз билігін орнату мәселесімен айналысқан. Шыңғыс қаған тек өзі бағындырған жерлерді төрт үлкен мемлекетке бөлумен айналысты. Жошы ұлысы негізінен түркі қауымдарының басын қайта біріктіріп, біртұтас билікке алып келген мемлекет деп қабылдауымыз керек, — дейді Мақсат Алпысбес.

Тарихшы Алтын Орданың әлемдік экономикадағы транзиттік рөліне ерекше тоқталды. Ұлы географиялық ашуларға дейін бүкіл әлемдік сауда құрлық арқылы, дәлірек айтқанда, Қазақстан аумағымен өткен.

Ханбалықтан шыққан керуендер Қазақ даласы арқылы Қырымға, Қара теңізге және Кіші Азияға (Осман империясы жерлеріне) дейін еркін қатынаған.

Мемлекеттің қуаты сауда саясатына байланысты болды. Алтын Орда бұған дейінгі Қараханидтер мемлекетінің ақша шығару, керуен сарайлар салу дәстүрін жаңа деңгейге көтерді, тіпті, Президент өз сөзінде атап өткен «ям» (пошта-бекет) жүйесі де осы халықаралық сауданың қауіпсіздігі мен жеделдігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеді.

Мақсат Алпысбес
Фото: видеодан алынған скрин

Алтын Орда тарихын зерттеудегі тағы бір күрделі мәселе — ортағасырлық деректердің сипаты. Ол заманда парсы тілі «лингва франко» (халықаралық тіл) қызметін атқарды. Алайда араб және парсы тілді авторлардың көбі жауланған елдердің өкілдері болғандықтан, өз еңбектерінде Шыңғыс ханды және оның ұрпақтарын әдейі қаралап, жауыз етіп көрсетуге тырысқан. Кеңестік тарихнама дәл осы тұстарды үлкейтіп пайдаланды.

Тарихшы қазіргі таңда Қазақстанға орта ғасырлық мәтіндермен тікелей жұмыс істей алатын шығыстанушылар, арабтанушылар мен түркологтардан тұратын өзіндік методологиялық мектеп қажет деп санайды.

— Бізде кеңестік мектеп аясында қалыптасқан таптық күрес, марксистік ілім мен еуропалық көзқарас басым болды. Ал әлем тарихнамасына қарасақ, адамзат тарихы билеуші саяси әулеттердің тарихымен жазылады. Мысалы, Қытайда Юань, Мин, Цин патшалықтарының тарихы осылай хатталған. Біз де өз деректерімізді қайта тірілтуіміз керек, — деп атап өтті профессор.

Бүгінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи дәстүрлерінің ертеден жалғасып келе жатқанын әлемге таныту — басты стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағытқа айрықша көңіл бөлуі көптен бері шешілмей келген мәселенің түйінін тарқатты.

— Қазақстан өз алдына Қазақ хандығының мұрагері екенін әлемге таныттық. Ал ендігі сол Қазақ хандығының өз бастаулары Жошы ұлысынан, Алтын Ордадан басталатынын көрсетуіміз керек. Оны тарихи құжаттармен, бұлтартпас айғақтармен ғана әлемге көрсете аламыз. Құқықтанушылар қоғам ішіндегі заңдылықты қадағаласа, тарихшылар әрбір мемлекеттің тарихи тұрғыдағы заңдылығын дәлелдеп беретін негізгі мамандар, — деді Мақсат Алпысбес.

Маманның пікірінше, бұл жиын жыл сайын өткізілетін тұрақты форумға айналып, әлемдік деңгейдегі мықты ғалымдардың басын қосатын және Алтын Орда тарихына қатысты іргелі ғылыми тұжырымдар жасайтын негізгі орталыққа айналуға тиіс.

Еске сала кетейік, елордада Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум басталған болатын.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінің толық мәтінін берген едік.