«Қазақ хандығы - Алтын Орданың заңды мұрагері» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 қыркүйек, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ хандығы - Алтын Орданың заңды мұрагері» деген мақала жарияланды. «Иә, дәл солай! Біздің, яғни, исі қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын, абыройын асқақтататын, тәуелсіздігінің мәңгілік кепілі болатын, тарихи тұғырын мығым бекіткен ұлы тұжырым осы! Кеше ғана Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы қарсаңында: «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай аталып жатқан мемлекеттік шара - киелі шара. Бұл - қазақ ұлтының ұлттық санасын ұйытатын ұлы мүмкіндік. Әлмисақтан бергі мұқым көшпелілердің әлемі мен кеңістігін қамтитын ұлы көшпелілер өркениетінің мысы мен бәсі екшелетін тұс. «Алтын Орда» империясының заңды мұрагері - Қазақ хандығы бар екендігін дүние тарихына мойындататын аса жауапты әрі ең мүдделі, ең шағымды кезең. Біздің мемлекетіміз болды ма, жоқ па - деген күдік тудыратындардың дәмесін мәңгі өшіріп тынатын, керісінше өзіміздің рухымызды асқақтата көтеріп, солардың мысын иығынан басатын деңгейге көтерілетін шақ осы. Біз бүгін қазақ мемлекетінің айбыны мен тарихын қалай ұлықтай аламыз, халықаралық қауымдастыққа қандай тұжырым жасата аламыз, міне, ұлтымыздың бүгіні ғана емес, ертеңі де осыған тікелей байланысты»,-делінген мақалада. Бас басылым елімізге белгілі азамат, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын Жүрсін Ерманмен арадағы сұхбатты беріп отыр. Алдағы бір айдың ішінде ғана Алматы мен Таразда екі бірдей дүбірлі үлкен айтыс өтпекші.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қорытынды айтыс алдағы қазан айының 8-9-10-ы күндері Тараз жерінде өтеді деп ұйғардық. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. Ең суырыпсалма, көзге түскен көсем жүйріктерді сол аламанға баптаудамыз. Қытайдағы қандастарымыз қайта-қайта хабарласып, «Нұр Отан» партиясындағы азаматтарға шыққан соң, ақыры, олардың өтініштерін құп алдық. Сөйтіп, Қытайдан бірнеше ақын бауырларымыз келіп, айтысқа түскелі отыр. Енді бұл халықаралық айтыс болғалы тұр»,-дейді Ж. Ерман. Осы жайында «Алматыда ту тіккен аламан айтыс» атты сұхбатта толғырақ берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы көрсеткіштеріне қарағанда,елімізде 34 мыңнан астам адамнан құралған 5,4 мыңнан астам құқық қорғау бағытында қызмет атқаратын қоғамдық құрылымдар бар екен. Олардың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қылмыс ашылып, 23 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылар анықталған.Мұның барлығы жақсы көрсеткіштер, алайда прокурорлық тексеріс нәтижелерінде анықталғандай осындай құрылымдардың жұмысының формальды түрде жүргізілетінін есепке алар болсақ, бұл әлі де жеткіліксіз болып шықты. Сол себепті, бүгінгі күні құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп отырған реформаның басты мақсаты - полиция мен қоғамды бір-біріне жақындастыра отырып, оны азаматтардың мәселелерін тиімді шешілуіне бағыттау болып табылады. Бұл жайында « Қоғам полицияға көмектесуі тиіс» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Құрылыс компаниялары доллардан бас тартты» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елімізде бұдан былай құрылыс компаниялары баспананы шетел валютасына сатпайтын болады. «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» тұрғын үй құрылысын дедолларизациялау саясатын қабылдады. Бұл туралы кеше ресми хабарланды. Аталған қауымдастық кеңесі отырысының қорытындысында шаршы метрлер бағасын доллармен есептеу тәжірибесінен бас тарту туралы шешім шығарылған.
Осы шешімге сәйкес, салалық қауымдастық мүшелері жылжымалы мүліктің құрылысы және сатылуы барысында долларды төлем құралы немесе оның баламасы ретінде пайдаланудан бас тартуға ниетті. Бір айта кетер жайт, аталған ұйым құрамына Қазақстанның 14 алпауыт инвестициялық құрылыс және холдингтік компаниялары кіреді. Дегенмен еліміздің әрбір өңірлерінде басқа да құрылыс компаниялары жетерлік. Олар бұл саясатты ұстана ма? - Енді қауымдастыққа кіретін құрылыс компаниялары жаңа тұрғын үйлердің бағаларын тек ұлттық валютада ғана белгілейді! - деп түсіндірді қауымдастық кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев. - Осы саясат нарықтың басқа да қатысушыларынан талап етіледі. Қауымдастық құрылыс материалдары мен қызметтерін жеткізушілермен қарым-қатынастарын да қайта қарауды жоспарлап отыр. Біз оларды өзара есеп айырысуда ұлттық валютаға басымдық беруге итермелейміз. *** «Ана тілі» газетінің соңғы санында «Нұрбай батыр жөніндегі деректер неге бұрмаланды?» деген мақала берілген. Қазақ жұртының іргелі ел, қабырғалы халық болуына және даламызға қызыққан кез келген жауға тойтарыс беріп, ұлан-ғайыр жерімізді бүгінгі ұрпағына мұра етіп қалдыруға ұлтымыздың батырлары өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан білеміз. Сондай қазақ халқының бірегей батырларының бірі - Нұрбай батыр. Ол елінің бірлігі мен болашақ тірлігін ойлаған, елдің тұтастығын сақтап қалу мақсатында бүкіл өмірін күреспен өткізіп, халық жадында данышпан саясаткер, қаһарман қолбасшы ретінде жатталып қалған. Ол 77 рет жаумен шайқасқа түсіп, бәрінде де жеңіске жеткен. Сондықтан да қазақ халқының тағдырында ерліктің айбынын көрсетіп, елдің қорғаны болған дулығалы батырлардың ішінде Нұрбай баһадүрдің алар орны ерекше.
Қалмақтарға қарсы Есім хан бастаған жорыққа он сегіз жасар Нұрбай да қатысқан. Бұл 1627 жыл болатын. Нұрбай Қорғастағы шайқаста Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі -Қоту - Қойсынның інісі Барғаймен жекпе-жекке шыққан.