Қазақ хандығы туралы фильмді кинотеатрдан көргендер өз әсерімен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақ елі» жобасының алғашқы бөлімі - «Алмас қылыш» фильмі прокатқа шықты. ҚазАқпарат тілшісі тарихи туындыны кинотеатрдан бірінші болып тамашалаған көрермендердің пікірлерін жазып алды.
«Бұл кино өте күшті түсірілді. Қазақ хандығының тарихтағы орнын жақсы көрсете білді. Біз немерелеріміздіде алып келдік. Себебі жастар осындай фильмдерді көруі керек, өз тарихын білуі керек. Шыны керек, қазаққа рух беретін фильм, ұлттық сананы серпілтетін туынды»,- дейді Еркін Құсайын. Отағасы отбасымен бірге Алматыдан қонаққа келген екен. «Алмас қылыш» фильмі прокатқа шығады дегенді естіген бойда бірден алғашқы сеансқа билет алған. «Иә, біз де, балалар да көп мағлұмат алдық. Бәріміз тура сол тарихи кезеңге сапар жасап, өз көзімізбен көргендей болдық. Бұл фильмді кинотеатрда ғана емес, мектеп оқушылары да, студенттер де көрсе екен дейміз. Тарихи санамызды оятатын фильм екен», - дейді ағаның жұбайы Есімхан Құсайын.
«Бұл фильм бұрын оқыған кітабымыздан да керемет болды деп отырмын. Өте жақсы түсірілген. Декорациясында тамаша жасаған. Бізге қатты ұнады», - дейді Әйкен Оспанова. «Оны күткенімізге көп болды ғой. Мінеки, бүгін тарихымызды білсін деп, бала-шағамызды әдейі алып келдік. Ата-бабамыздың қаны төгілді деп, қанша айтқанмен ол бәрібір көргендей болмайды. Сондықтан осы фильмді асыға күттік. Оны өте жақсы түсірген екен. Тарихымызды айшықтап, өзінің тағылымы мен өнегесі мол дүние екен. Жалпы, фильм ұнады. Мазмұны да, арнайы эффектілері де тамаша. Қазақ киноларының осындай әлемдік дәрежеде түсірілетіндей жағдайға жеткеніне өте қуаныштымыз.Сондықтан осы іспетті фильмдер көбейе берсін», - дейді апайдың үлкен ұлы Ардақ Оспанов.