Қазақ хандығы туралы сериалды түсіретін режиссер биылғы желтоқсанда белгілі болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өту аясында Қазақ хандығы туралы түсірілетін телехикаяның режиссерлік тобы жылдың соңына қарай белгілі болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

Қазақ хандығы туралы сериалды түсіретін режиссер биылғы желтоқсанда белгілі болады

«Қазіргі кезде бірнеше режиссерлік-сценарийлік топ құрып жатырмыз. Осы орайда өзіміздің Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашов секілді жақсы режиссерлер бар, сонымен қатар «Громовтарды» түсірген Бақыт Қилыбаевты шақырып жатырмыз», - деді министр. А.Мұхамедиұлының айтуынша, «Шыңғысхан» фильмінде түскен және өзге де туындыларда тарихи тұлғаларды сомдаған актерлерді шақырту қарастырылып отыр. «Сериалды түсірудің өзіндік ерекшелігі бар. Осы орайда бұл бағыттағы мамандарды кеңінен тартып жатырмыз. Қазақ хандығы туралы сериалды түсіретін нақты режиссерлік топ жайында биылғы желтоқсанда хабарланады», - деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәдениет және спорт министрі алдағы жылы Қазақ хандығына байланысты ғылыми конференциялар, деректі және көркемдік фильмдер шығатындығын хабарлады. Оның ішінде Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы үлкен телехикая түсіріледі. Осы орайда ол бұл бағытта тиісті жұмыстар басталғанын айта келе, «2015 жылдың қаңтарынан бастап бұл сериалдарды түсіруді іске асырамыз», - деді.