18:43, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Есенберлиннің 100 жылдығы арасында тікелей байланыс бар - А. Қашқымбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Есенберлиннің 100 жылдығы арасында тікелей байланыс бар. Бүгін «Қазақ хандығының жаршысы» атты тақырыпта өткен жиында даңқты жазушының шығамашылығына қатысты Есенберлинтануға ден қойып, оның өмірін зерттеп жүрген, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев осылай мәлімдеді.
«Жалпы Қазақ хандығының 550 жылдығы тұрғысынан алсақ, мұның бүгінгі аталып жатқан І.Есенберлиннің 100 жылдығының арасында тікелей байланыс бар. Өйткені, Есенберлиннің ұлы жазушылыққа қолы қалай жетті? Ұлт тарихына қатысты теңдессіз трилогияны жазу арқылы жеткен болатын. Ал трилогияны не дейтін болсақ, бұл - қазақ ұлтының орталықты құруы, оның одан арғы тағдыры, жағдайы мен болашағы», - дейді А. Қашқымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, осы Қазақ хандығы тұрғысынан алғанда Есенберлин шығармалары өте құнды болып табылады әрі оның маңызы ешқашан да жойылмақ емес.
Еске сала кетейік, Ілияс Есенберлин - қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі, ақын, сценарист, драматург, Қазақ КСР-ның Мемлекеттік премиясының лауреаты.