Қазақ хандығының 550 жылдығын Омбы қазақтары «Той думанмен» атап өтпек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Омбыдағы қазақ мәдениеті мен спортын насихаттауға бағытталған дәстүрлі «Той думан» мерекесі биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақ.
Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Күлғазира Балтабаева айтты.
«Мөлдір» сібірлік қазақ мәдениеті орталығы ағымдағы жылғы V «Той думанды» 14 маусымда «Агро-Омбы» оқу-көрме кешені аумағында өткізбек.
Биылғы мереке Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Былтыр бұл шара Байболат батырдың туғанына 320 жыл толуына және Ер Жәнібек пен Баян батырлардың 300 жылдығына арналған болатын.
Шара аясында қазақтың ұлттық ойындарынан сайыс, қазақ күресінен турнир, Омбыдағы қазақ өнер ұжымдарының концерті, қазақ ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді.
Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарын əзірлеуден шеберлік кластары, "Жігіт сұлтаны" байқауы өткізіледі.
"Той думан сыртта жүрген қазақтардың отанына деген сағынышын басуға, қазақ жастарының тарихи сабақтастығын қалыптастыруға, ұлттық тамырынан ажырап қалмауға септігін тигізбек",- деді жоба авторы "Мөлдір" ұйымының жетекшісі Алтынай Жүнісова.