Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған марка шықты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазпошта» АҚ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған пошталық марканы айналымға енгізді. Осыған орай ҚР Ұлттық мұражайында өткен салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған марка шықты (ФОТО)

«Ағымдағы жылы біз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтудеміз. Өздеріңіз де білетіндей, өткені жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Тарихы жоқ ел болмайды. Бүгінгі «Қазпоштаның» 550 жылдық мерейтойымызға арналған жаңа пошта маркасын шығаруы өте жақсы шара. Бұл - «Қазпошта» басшылығының, министрлік тарабының біздің тарихымызды, қазақ мемлекеттігін барша әлемге паш етуі», - деді Б.Сапарбаев.

Марканың өлшемі 52*36 мм, ал парағының өлшемі 156*148 мм. Бір парақта 6 марка бар. Пошта маркасының атаулы бағасы 550 теңгені құрайды. Таралымы 5040 дана. Суретін Р.Ахмедин салған. Марка «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылған.