Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әскерилердің 20 командасы жекпе-жектен сайысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14-16 қыркүйек аралығында Елордада елдігіміздің мерейлі мерекесі - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін күш-қуат құрылымдары командалары арасында жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді, деп хабарлады Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен.
Аталған дүбірлі доданы ұйымдастыруға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің күнтізбелік жоспарына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы мен қоян-қолтық ұрыстан бүкілқазақстандық Ассоциациясы ұйытқы болып отыр.
Халықаралық турнирге еліміздің Қарулы Күштерінің, өзге де әскери құрылымдары мен күш-қуат органдарының және осы спорт түрінен облыстық федерациялардан 20-дан аса құрама команда, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қызғыз Республикасынан 2 спорт командасы қатысады. Мықтылар сайысқа түскен додада ел намысын жекпе-жектен әлем чемпионы Айбек Хырыхбай (2012 ж.), кикбоксингтен Азия чемпионы Медет Саметаев (2015 ж.), кикбоксингтен өткен «Қызылжар» турнирінің чемпионы Әлкен Төлегенов (2010 ж.) және басқа да сайыпқыран спортшылар қорғайтын болады. Жарыстың салтанатты ашылуы 15 қыркүйек күні «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Доданың ашылу рәсіміне күш-қуат органдары басшылары, Парламент депутаттары, спорт комитеттерінің жетекшілері, сондай-ақ жекпе-жек түрлерінен республикалық спорт ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған. 16 қыркүйек күні әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанғандарды марапаттау рәсімі өтеді.