Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына логотип жасау конкурсы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамы Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына арналған логотип әзірлеу бойынша ашық конкурс жариялады, деп хабарлайды аталмыш министрліктің баспасөз қызметінен.

Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына логотип жасау конкурсы жарияланды

Байқауға Қазақстан Республикасында тіркелген барлық заңды және жеке тұлғалар қатыса алады. Жұмыстар 2014 жылдың 18 қарашасы, сағат 18.00-ге дейін қабылданады. Конкурс талабы бойынша Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойы логотипінде Қазақ хандығының құрылған уақытымен үндес келетін элементтер мен нышандар көрініс табуы, Қазақ хандығының құрылуының тарихи жолы мен оның бүгінгі мұрагері - тәуелсіз, бейбіт дамып келе жатқан біртұтас Қазақстан Республикасының арасындағы асқақ рухани байланыс қамтылуы тиіс. Мерейтой логотипінің түсі Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің нышаны - Мемлекеттік Тудың түсіне ұқсас болуы қажет, яғни бейбітшілік пен берекені сипаттайтын көгілдір аспан түсіне және мәңгілік пен табыстың символы алтын Күннің түсіне басымдық беріледі. Конкурсқа кәсіби суретшілер, әрлеушілер, иллюстраторлар, өнер қайраткерлері қатыса алады. 2014 жылғы 22 қарашаға дейін сараптау комиссиясы конкурс жеңімпазын анықтайтын отырыс өткізеді. Жеңімпаз конкурс комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы анықталады. Конкурс жеңімпазына 365000 (үш жүз алпыс бес мың) теңге көлемінде сыйақы беріледі. Конкурс шарттарымен толық мына жерден танысуға болады http://mks.gov.kz/kaz/departamenty/departament_kultury_iskusstva/tvorcheskie_konkursy_dki/?cid=0&rid=2741