Қазақ хандығының тарихы туралы алғашқы компьютерлік ойын жасалуда - баспасөзге шолу

***
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті. Ресми қарсы алу рәсімдері аяқталған соң, екі мемлекеттің басшылары алдымен шағын, одан әрі кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Осы кездесу арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Өзара ынтымақтастық арта түседі» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылды. Оның біріншісі екі елдің Үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім. Екіншісі екі елдің Үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция болды. Осыдан кейін мемлекеттер басшылары журналистерге арнап мәлімдеме жасады. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу екі мемлекет арасындағы саяси, экономикалық және рухани байланыстардың одан әрі дамуына тың серпін береді деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы Сербияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды елдердің бірі болып табылатынын айтты. «Келіссөздер барысында біз екі елдің ынтымақтастығын жандандыра түсуде қандай әлеуеттерді іске қосуға болатынын анықтадық. Біздің елдеріміздің арасында өзара сенімді қатынас орнаған. Сондықтан біз өзара қатынасымызды арттыра түсу керектігі туралы келістік», - деді Н.Назарбаев.
«Білім және ғылым министрлігінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша еліміздің барлық облыстары, Астана мен Алматы қаласы білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен селекторлық есеп тыңдау басқосуы болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Оқулықтармен қамту ойдағыдай» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, басқосу барысында министр барлық өңірлер оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілгендіктен оларға жеке-жеке тоқталып өтпей, тек кемшілік орын алып, шағым түскен бірлі-жарым өңірлердегі жағдайларды сұрап білді. Мәселен, Ақтөбе өңіріндегі мектептер оқулықтармен 50% ғана қамтылыпты. Күні кешелер қиындыққа тап болған Алматы облысының Талғар ауданындағы жағдайдың түзелгені белгілі болды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы №65 мектеп шағымының қанағаттандырылғаны айтылды. Шығыс Қазақстан облысының оқулықпен қамтамасыз етілуі 88%-ды құрап отырғаны мәлім болды.
***
Қазақстандық құқықтық жүйенің шыңында елімізде ең жоғары заңдық күші бар, нормалары республикамыздың барлық аумағында тікелей қолданылатын Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясы. Осы Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында «Айқын» газеті еліміздің Бас әскери прокуроры, әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновпен сұхбаттасқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Конституция мен конституционализм доктринасы бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Ата заң мазмұны мен мән-мағынасын сипаттайтын конституционализмнің күретамыры, өз кезегінде, аталған доктрина Конституция туралы ілімді дәріптейтін болғандықтан қазақстандық заңгер ғалымдардың «осы идеологиямен әрі қалыптасқан және де қалыптасу үстіндегі құқықтық мемлекеттілік институттарының қызметі түгелдей қамтылуы тиіс» деген тұжырымдары қолдауға әбден лайық. Ұлттық келісім ол конституциялық жүйенің өзегі, Конституция мен конституционализмнің мызғымас қазығы. Халықтың басым көпшілігі Конституцияда көзделген мемлекеттік құрылымның принциптеріне қолдау көрсетсе және соған сәйкес құқықтық жүйенің дамуына бағыштайтын құндылықтарды мойындағанда ғана конституционализм тіршілікке ере алады. Конституционализм доктринасы жалпы даму бағытының мәселелері бойынша жалпы халықтық консенсусты, яғни келісімді білдірсе керек. Мұндай ұлттық келісімге қол жеткізу сол халықтың тек өзіне тән даму ерекшеліктерін шоғырландырған ұзақ мерзімді әлеуметтік эволюцияның нәтижесі деп бағалаған жөн», - дейді. Сұхбат «Біздің басшылыққа алатынымыз - Конституция» деген тақырыппен берілген.
Қазақта саудаға қатысты мақал көп. Мәселен, «Сауда сақал сипағанша», «Саудада достық жүрмейді», «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзар» деп кете береді. Осыған қарап отырып «саудаға бейім емеспіз» деп қалай айта аласыз? Бірақ бізді құртатыны сауданың жабайы түрі. Бір нәрсе сатар болсақ, үстінен тиын да болса пайда табуды емес, мөшектеп табыс табуды, тұтынушыны тұралатып тастағанды ұнатамыз. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Отаншылдық сезім керек» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Мақала авторының жазуынша, мысалы, доллар еркіне жіберілгелі банктер мен ақша айырбастау орындарының ғана басы қатып жатқан жоқ, базардағы жұрттың да жүйкесі жұқара түсті. Олардың ойынша осы сәтті тиімді пайдаланып қалу керек. Осылайша қалай да табысқа кенелуді жөн көргендер кез келген затқа үстемелеп, баға үстіне баға қосып, екі ортада қарапайым жұрттың қалтасын қағуда. «Қазір біздің басымызды қатырып, жүйкемізді жұқартып жатқан осындай кереғарлық. Долларға дуаланып қалғандаймыз. Егер сол көкқағазды естен шығарып, төл теңгенің ғана қамын ойласақ, саудадағы адалдықты алдыңғы орынға қойсақ, дүрлігетіндей ештеңе де болмас еді. Біріміз-бірімізге проблема тауып беріп, екі ортада «әкімқаралар қол қусырып отыр» дейміз. Ал неге бірімізді-біріміз қадағаламаймыз?», - деп жазады автор.
***
«Петропавл қазақ-түрік лицейінің оқушылары Қазақ хандығының тарихы туралы алғашқы компьютерлік ойын жасауда», - деп жазады «Экспресс-К» газеті «Перейти на высший уровень» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, оқушылардың мұндай бастамасына қызығушылық танытқан жергілікті билік оларға қаржылай көмек көрстеуге уәде беріп отыр. Жоғары сыныпта оқитын Владислав Малихтарович 40 компьютерлік бағдарламаның авторы. Оның ойына Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ойын жасау идеясы түсіп, оны сыныптасы Ерасыл Ділдайыммен бөліскен. «Біз компьютерлік стратегиялық ойын жасау шығаруға шешім қабылдадық. Онда Қазақ хандығының құрылған сәтінен бастап Кенесарының өлімге ұшырауына дейінгі кезең қамтылады», - деді олар.