«Қазақ ханымдары» және «Қазақ әйелдері» деген тақырыпта энциклопедиялық жинақтар әзірленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ ханымдары», «Қазақ әйелдері» деген тақырыпта энциклопедиялық жинақтар әзірлеу керек. Бұл туралы бүгін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова мәлім етті.
«Халықтың тарихи танымын арттыру мақсатында «Қазақ ханымдары», «Қазақ әйелдері» деген тақырыпта энциклопедиялық жинақтар әзірлеп, жарыққа шығарсақ, игі істер болатыны анық. Бұған қоса халқымыздың тарихындағы тағылымдық кезеңдерді, жалпы ұлттық құндылықтарды жастар санасына сіңіру үшін еліміздегі жоғары оқу орындарында «ұлт дәстүрі» атты элективті курстар енгізуді жоспарлағанымыз жөн»,- деді Мемлекеттік хатшы.
Осы орайда Г. Әбдіқалықова бұл бағыттағы мәселелерді Білім және ғылым министрлігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе сараптап, алдағы уақытта лайықты түрде жүзеге асыратынына сенім артты.
Айта кетейік, аталған республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияны ҚР Президентi жанындағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырды. Конференцияға қатысушы ғалымдар Айғаным ханша, Бопай ханым мен Бай Ананың, Тойқара ханымның және қазақ халқының өзге де белгілі өкілдерінің есімдері жайында баяндамалар жасады.