Қазақ хирургы жасанды адам терісін өсіруді ойлап тапты
Адамның дене жарақатын жазу үшін қолданылатын бұл өнім кәдімгі сиырдың терісінен алынады. Арнайы биологиялық өңдеуден өткен соң күйік шалған немесе жарақат алған жерге жапсырса, адам терісі өздігінен өсіп шығады. Бұл препаратты жасап шығаруға ғалым 3 жылдай уақытын жұмсаған. Қазірге дейін 30-дан астам адамға тәжірибе ретінде ота жасалып, барлығы сәтті аяқталыпты. Тіпті, денедегі жарасы 10 жылдап жазылмай жүрген науқастар да құлан-таза айығып шыққан. Айтуынша, егер қолданысқа енетін болса, бағасы да арзанға түспек.
Су жаңа дәрілік өнімге әзірге «Ксенографт» деп ат қойылыпты. Егер жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатса, бұл дәрімен бүкіл елді қамтуға болады, деп жазады КТК.
«Зертханалық өңдеу арқылы терінің құрамындағы мал жасушалары түгел жойылады. Сөйтіп, адам терісінің өсуін жылдамдататын заттар енгізіледі. Бұл өнім дене жарақатын сыртқы микробтардан қорғап, асқынуын тоқтатып, жазылып кетуін жылдамдатады», - дейді Қабылбек Әбуғалиев.