Қазақ қаламгерлерінің шығармалары түрік тілінде жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Еуразия Жазушылар одағы тарапынан шығатын «Кардаш каламлер» журналының осы жылғы маусым айындағы санына ақын Ұ.Есдәулеттің өлеңдері, жазушы Е. Айғалидың әңгімесі; шілде айындағы санына жазушы Г. Шойбекованың әңгімесі; тамыз айындағы санына жазушылар Н. Ораздың сұхбаты, С. Дүйсенбиевтің әңгімесі, А. Аширидің мақаласы жарық көрді. «ТҮРІКСОЙ» жанындағы «Күмбет» журналына жазушы Р. Мәженқызының әңгімесі басылды. Осы шығармаларды түрік тіліне аударған ҚЖО-ның мүшесі, жазушы-аудармашы М.Отарбаев.
Үстіміздегі жылдың басында «Қазақ әдебиетіндегі әңгіме» атты көлемді еңбек Түркияда жарық көрді. Анкараның «Өтүкен» баспасында басылған кітаптың авторы ұзақ жылдар бойы еліміздің білім беру саласында қызмет жасап, қазақ әдебиетін зерттеген Ашур Өздемір.
Әрі ғылыми-зерттеушілік, әрі хрестоматиялық сыпаттағы көлемі қырық баспа табақтан асатын кітап негізгі екі бөлімнен тұрады. «Қазақ әңгімешілігі: жалпы шолу» аталған алғашқы бөлімде қазақ әңгімесінің тарихының алғашқы кезеңіндегі қисса мен мысалдар, Алаш әдебиеті, социалистік реализм дәуіріндегі әдебиет, 1985-жылдан кейінгі қазақ әңгімелері дәуірлеріне бөлініп қарастырылған. Мұнда әр дәуірдің әңгімелерін тұтастай шолумен бірге, жекелеген қаламгерлердің шығармашылықтарындағы әңгімелер де арнайы сөз болады.
«Қазақ әңгімелері» аталған екінші тарауда Ыбырай Алтынсариннен бастап бүгінге дейінгі елу жазушының әңгіме жанрындағы шығармашылықтарына талдау жасалынып, олардың әңгімелерін түрік тіліне аударып, жариялаған. Кітаптың соңында бұрын-соңды жарияланған қазақ әңгімелерінің библиографиясы берілген.
Жуырда Анкара қаласындағы «BENGU» баспасынан қазақтың талантты ақыны Ұлықбек Есдәулеттің «Siirler» («Жырлар») деген атпен жыр жинағы жарық көрді.
Жинақты түрік тіліне аударған - Мәлік Отарбаев, тәржімасын редакциялаған - түрік ақыны Метин Өзарыслан. Жыр жинақтың алғысөзін жазған - Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, белгілі түрік прозашысы Якуб Омероғлы. Ақынның жылқы жылы туғанын ескеріп, кітап мұқабасын арғымақтардың суретімен безендіріпті. Өскеменде өткен ақынның 60 жылдық мерейтойында Якуб Омероғлы арнайы келіп, осы сүйінші хабарды қалың оқырманға жеткізген болатын. Әзірге ақынның қолында жинақтың тек 20 данасы ғана бар екен. Бұған дейін талантты ақынның Қытай, Моңғолия елдерінде де бірнеше кітаптары жарық көрген болатын. Алдағы күзде Түркия елінде және Алматы, Астана қалаларында ақын жинағының тұсаукесер рәсімі болады деп күтілуде.
Г.СЫДЫҚОВА