«Қазақ киносының апталығы» аясында елордалықтар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның осы жылы түсірген көркем және деректі фильмдерін тамашалайды

Астаналықтар мен елорда қонақтары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ың осы жылы түсірген көркем және деректі фильмдерді тамашалайтын болады.
«Қазақ киносының апталығы» шеңберінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған «Армандастар» (режиссері Ерлан Сағынов), «Аңшы бала» (режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов және Бегарыс Елубай), «Шал» (режиссері Ермек Тұрсынов), «Лотерея» (режиссері Дәмір Манабай), «Жаужүрек Мың Бала» (режиссері Ақан Сатаев) көркем фильмдері көрсетіледі.
Сонымен қатар, жас режиссер Ахат Ыбыраевтың отандық кино тарихында тұңғыш фэнтези жанрында түсірілген «Аңыздар кітабы. Ғажайып орман» фильмінің тұсаукесері және «Ер Төстік пен Айдаһар» атты қазақтың тұңғыш толықметражды анимациялық фильмінің көрсетілімі өтеді.
«Қазақ киносының апталығы» аясында Тұрар Рысқұлов, Мәжіт Бегалин, Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов сынды басқа да көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған деректі фильмдерді де көрсету жоспарланып отыр.
Кино апталығының ашылу салтанаты 10 желтоқсанда 16.00-де Оқушылар сарайында болады. Көрсетілімдер «Керуен» сауда орталығындағы «Кинопарк-7» кинотеатрында өтеді. Кіру тегін. «Қазақ киносының апталығы» шеңберінде көрермен назарына ұсынылатын барлық фильмдердің көрсетіліміне картинаның режиссерлары мен шығармашылық топтың өкілдері қатысады.