Қазақ қоғамында ақсақалдар институтының рөлі ерекше – Ерлан Қарин
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хатты ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылық меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес оқып берді.

«Құрметті ел ағалары! Халқымыз бағзыдан қариясын сыйлап, ақылын тыңдап сөзіне тоқтаған. Ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде де ақсақалдар төрелігін айтып, тура жол нұсқаған. Бейбіт заманда елдің бірлігіне еңбек етіп, өскелең ұрпақтың тәрибесіне атсалысқан. Бұл үрдіс тұрмыс-салтымызбен бірге үздіксіз жалғасып келеді. Яғни қазақ қоғамында ақсақалдар институтының рөлі қашанда ерекше. Аузы дуалы, сөзі уәлі қариялардың елді ынтымаққа шақырып, мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығына қызмет етуі аса маңызды міндет. Сондықтан ҚМДБ бастамашы болған бүгінгі форумның мәні мен маңызы өте жоғары деп есептеймін», - деді Е. Қарин өз құттықтауында.
Әсіресе қазіргідей әлем әбігерге түсіп, мемлекеттер арасында түрлі қақтығыстар орын алып, саяси-экономикалық дағдарыстармен бетпе-бет келіп тұрған шақта елдің бірлігі ауадай қажет.
«Жыл басында болған Қаңтар қасіреті де көп дүниеге қайта қарап, жаңаша тұжырым жасау керегін көрсетті. Осы орайда бүгінгі қоғамға ең бастысы – елдің тұтастығы және халықтың амандығы керек. Отандастарымыздың әл-ауқатын көтеріп, елдің саяси және экономикалық ахуалын жақсарту бағытьында Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген шаралар, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ел игілігін арттыратын бастамаларды бірлікпен ғана іске асыра аламыз.
Бүгінгі жиынға қатысып отырған ардақты ақсақалдарымыздың барлығы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосты. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен көрген-білгендеріңіз жастардың ұлтжанды, мемлекетшіл болып өсуіне ықпал етеді. Осы орайда ҚМДБ жанынан елдің алдында, көштің басында жүрген өздеріңіздей ақсақалдардан кеңес құрылғаны құптарлық бастама. Енді осы үрдіс елдің орталығымен ғана шектеліп қалмай, облыс, аудан, ауылдарда да жалғасын табуы керек. Бұл елдің бірлігін арттырып, ынтымағын еселей түседі деп сенемін» делінген Мемлекеттік хатшының хатында.
Айта кетейік, елордада «Қариялар – ел қазынасы» атты І республикалық ақсақалдар форумы басталды. Жыл басында ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылған.