Қазақ көлік және коммуникация академиясы «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасын өткізеді
АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қазан айының 10-нан бері «Жан жылуы» атты әлеуметтік бағдарлама эфирге шығып отыр.
Бағдарламаның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ жетім балалар мен жалғыз басты, көп балалы аналарға көмек көрсету, деп хабарлайды аталмыш оқу орнынан.
Бағдарламаны телеарнадан көрген соң, көмекке зәру жандарға көмек қолын созғымыз келді. «Қайғыны бөліссең азаяды» демекші, біз еліміздің қалталы азаматтары мен кәсіпкерлері тағдыр тауқыметіне тап болған жандарға қамқорлық пейіл танытса дейміз. Осыған орай, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасын өткізуді қолға алып отыр.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Жан жылуы» бағдарламасы арқылы қалың көпшіліктен көмек сұраған сәби Бақдәулет Дөненбаевтың көзіне Санк-Петербург қаласында және 9 жастағы атыраулық Аружан Ғиниятованың жүрегіне және екі аяғына бірдей Түркияда операция жасалу жоспарлануда. Шарадан түскен қаржы аталған балалардың есеп-шоттарына аударылатын болады.