Қазақ-корей бірлескен іс-шаралар жоспары жасалады – Вера Ким

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы корейлер қауымдастығының өкілі Вера Ким Қазақстан мен Корея Республикасының мәдени-гуманитарлық байланыстары туралы айтып берді.

Қазақ-корей бірлескен іс-шаралар жоспары жасалады – Вера Ким
Фото: Данира Искакова/Kazinform

«Қазақстан Оңтүстік Кореямен өте достық қарым-қатынаста, бүгінгі күн соның куәсі. Қазір қазақстандық жастар корей телехикаяларын жиі көреді, сондай-ақ корейлік танымал музыканы тыңдайды, яғни К-поп өте танымал. Біз Кореяда денсаулық сақтау, білім беру, машина жасау және бизнестің басқа да салалары ілгері дамыған жүйе екенін білеміз. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның өзара алмасатын көп нәрсе бар», - деді Вера Ким Астанада екі ел Президентінің қатысуымен өткен гала-концерт барысында.

Екіжақты кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тұратын корей диаспорасына тілді сақтау мен дамытуда қажетті қолдау көрсетілетінін айтқан еді.

«Білім беру және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жақын арада бірлескен іс-шаралар жоспары жасалады», - деді Вера Ким.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады. 

Сондай-ақ, мәдени шара барысында екі ел президенті «Ұлы дала алтыны» көрмесін аралады.