Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Мәлбеков дүниеден озды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Мәлбековтің дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғыра көңіл айтты. 

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Мәлбеков дүниеден озды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Министрліктің мәліметінше, Эдуард Жабашұлы саналы ғұмырын өнерге арнаған көрнекті балет әртісі, хореограф, педагог әрі тәлімгер болды. Оның есімі отандық балет өнерінің қалыптасуы мен даму тарихында айрықша орын алады. Өнер жолында ол «Спартак», «Бақшасарай бұрқағы», «Жизель», «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Махаббат туралы аңыз», «Кармен-сюита» секілді классикалық және ұлттық қойылымдарда басты партияларды орындап, қазақ балет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Эдуард Жабашұлы хореографиялық білім беру саласының дамуына да сүбелі үлес қосты. Ұстаздық жолында бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп, үлкен шығармашылық мектеп қалыптастырды. Оның көптеген шәкірті бүгінде Қазақстанда және шетелде отандық балет өнерін лайықты танытып жүр. Биік кәсіби шеберлігі, талапшылдығы, өнерге адалдығы мен шәкірттеріне деген қамқорлығы кейінгі буынға өнеге болып қалды.

— Эдуард Жабашұлының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген елеулі еңбегі туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің, барша өнерсүйер қауымның жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! — делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақын Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден озғанын жаздық.