Қазақ күресі бойынша «Алматы барысы» турнирінің жеңімпазына автокөлік сыйланады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қазақ күресі бойынша өткізілетін «Алматы барысы» турнирінің жеңімпазына автокөлік табыс етіледі.

 Қазақ күресі бойынша «Алматы барысы» турнирінің жеңімпазына автокөлік сыйланады

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наиль Нұров мәлім етті.

«Алматы барысы» турниріне қаланың әр ауданынан 3 балуаннан, яғни барлығы 24 үміткер қатысады. Бәрінің де салмағы 90 келіден жоғары. Ал бұған дейін аудандық жарыстарға 200 балуан қатысқан болатын.

«Турнирде Қазақстанның ең үздік судьялары төрешілік етеді. «Алматы барысы» турнирінің жеңімпазына автокөлік сыйға тартылады. Одан басқа, финалға шыққан екі балуан да «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысады. Жарыс барысында көрермендердің құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сондықтан, алматылықтар бұл спорттық шараға бүкіл отбасымен келуіне болады», - деп сөзін аяқтады Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Еске сала кетелік, «Алматы барысы» турнирі алдағы 2 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.