Қазақ күресі мектептерде факультативтік сабақ болып енгізілсе - Д.Қалетаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресінің дамуы мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев мәлім етті.

Қазақ күресі мектептерде факультативтік сабақ болып енгізілсе - Д.Қалетаев

«Қазақ күресін Олимпиада ойындарына енгізуге тырысудамыз және осы бағытта қажетті іс-қимылдарды жүзеге асыру қажет. Мысалы, жапонның сумо күресі Олимпиадаға кірмесе де, оны бүкіл әлем тамашалайды. Дәл сондай деңгейге біз де жетсек, өте жақсы болар еді. Жалпы, үкіметте жүрген ағаларымыз қазақ күресін Олимпиадаға енгізу мәселесін көтерген болатын, алайда бұл бағытта қыруар жұмыс жасау керек»,- деді ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев қазақ күресінің дамуы мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс екенін атап өтті.

«Мүмкін, бөлек бағдарлама ретінде мектепте бір факультативтік сабақ болып кіргізілсе деген ойдамын. Спорттың бұл түрі Қазақстан бойынша жақсы дамып келе жатыр. Менің ойымша, біздің құзыретті органдар осыған мән беру керек»,- деді.

Бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақалов қазақ күресінің халықаралық деңгейде жақсы насихатталып жатқандығына тоқтала келе: «Біздің ең жоғары мақсатымыз - ұлттық спортымызды Олимпиадаға дейін жеткізу», - деді.