Қазақ күресі телеарнада ең жоғары аудитория жинайды - Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресі телеарнада ең жоғары аудитория жинайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Әлем Барысы» қазақ күресінен әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихатында «Qazaqstan»  Ұлттық телеарнасының төрағасы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қазақстан Барысының», қазақ күресінің аудиториясы елімізде жылдан-жылға кеңеюде. Оның  бір айғағы - шілде айында Астанада өткен «Қазақстан барысын» тікелей эфирден бірнеше сағат бойы көрсеткен едік. Сондағы көрсеткіштерге сәйкес турнир соңғы жылдарда ең көп аудитория жинады. Яғни, жылдан-жылға аудиториясы кеңеюде. Жарыс бірнеше сағатқа созылса да көрермендер соңына дейін қызығып, тамашалап отырды. Бұл ұлттық спорт түрлерінің біздің аудитория тарабынан өте үлкен қолдауға ие болып отырғандығының көрінісі, үлкен қызығушылық бар екендігінің айғағы», - деді ол.

Сонымен қатар ол «Qazaqstan»  телеарнасы «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы» сынды ауқымды спорттық шараларға қолдау көрсетуге дайын екендігін баса айтты.

«Әлем Барысын» екі телеарнада көрсететін боламыз. Ең алдымен таңертең басталатын іріктеу белдесулерін «Qazsport» телеарнасы көрсетеді. Ал түскі сағат 13:00-дегі ресми ашылу салтанатын қоса алғандағы негізгі белдесулерді «Qazaqstan»  ұлттық арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Шілде айында өткен «Қазақстан Барысы» турнирі кезінде жарыс өткен спорт кешеніне арнайы студиямызды орналастырған болатынбыз. Студияда жарыстың қалай өтіп жатқандығын турнирге қатысушылармен тікелей эфирде талқыға салдық. Дәл осы тәсілді бұл жолы да пайдаланамыз. Белдесулер өтетін аренада «Qazsport» телеарнасының  арнайы студиясын жасақтаймыз. Сол жерде әрбір аяқталған белдесуді спорт мамандарымен талқыға салып отырамыз», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, 6 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында "Alem Barysy" қатысушыларының салтанатты салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі болады. Чемпионат 8 қыркүйекте «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар