Қазақ күресін балабақша, мектеп, колледж бағдарламасына енгізсек дейміз – СҚО-лық бапкер
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдердің 13 спорт мектебінде қазақ күресі бөлімі бар. Бүгіне ұлттық спорттың осы түрімен айналысатындар саны мыңнан асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда қазақ күресін дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған СҚО әкімі орынбасары Дәурен Жандарбек, облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті, СҚО бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Азат Каримуллин және салалық басқарма төрағасы Сергей Мелехов қатысты.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да облысында балалар мен жасөспірімдердің 13 спорт мектебінде қазақ күресінен бөлімдер жұмыс істейді. Негізінен балалар мен жасөспірімдер – мыңнан астам адам айналысады. Олармен 54 бапкер-ұстаз жатттықтырады.
2018 жылы өңірде «Қызылжар арландары» спорт клубы ашылды. Кілең мықтылардың басын қосқан бұл клубта 30 адам жаттығады. Олардың 5-еуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8-і – спорт шебері болса, 7-еуі спорт шеберлігіне үміткер. Бұл балуандар халықаралық, республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды.
«СҚО-да қазақ күресін дамыту жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қазір бұл өңірді басқа облыстарға үлгі етеміз. Өйткені қазақ күресі бойынша көш бастап тұр. 2019 жылы Қызылжар арландары командасы ҚР конфедерация кубогін жеңіп алды. Сол жылы клуб мүшесі Қуаныш Исқаков qazaq kuresi бойынша өткен Әлем чемпионатында 66 салмақ дәрежесінде алтын жүлде алды», - дейді «Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының» бас директоры Абат Имамбаев.
СҚО-да қауымдастыққа 13 өңірлік федерация қарайды, олар: ММА, грепплинг, ушу саньда және ушу таолу, панкратион, кикбоксинг, муай-тай, карате кеокусинкай и шин кеокушин карате, таеквондо ITF, қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсу, белбеу күрес, дзюдо және самбо. Спорттың бұл түрлерімен 2,5 мың адам айналысады. 72 жаттықтырушы бар, көпшілігі аттестат алған.
«Қызылжар арландары» клубын құрылғаннан бері басқарып келе жатқан Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Qazaq kuresi ұлттық спортын дамытуда қауымдастықтың атқарар жұмысы әлі де орасан. Солардың бірі – қазақ күресін пән ретінде балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу. Сондай-ақ құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар мен әскери ведомство қызметкерлері де ұлттық спорт түрімен айналысуға міндеттелетін болады.