Қазақ күресінен 2012 жылғы «Қазақстан барысының» есімі 15 қыркүйекте белгілі болады

2011 жылы басталған бұл жобаның басты мақсаты - балуандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, төл спортымыздың өрісін кеңейту және оның Олимпиада ойындары бағдарламасына енуіне ықпал ету.
Жоба шеңберінде биыл да облыстар мен Астана және Алматы қалаларында іріктеу жарыстары өтеді. Онда үздік шыққан балуандар 15 қыркүйекте Астанада «Қазақстан барысы» атағын өзара сарапқа салады. «Күш атасын танымас» деген қағида бойынша өтетін бұл дүбірлі додада жеңімпаз бас жүлдеге тігілген тайтұяқ пен алтын белбеуді және 150 мың АҚШ долларын иеленеді. 2-3 орын алғандар күміс және қола белбеу тағып, қомақты қаржылай сыйлықты иемденеді.
Дәстүрлі бұл жарысты ұйымдастырушылар - Мәдениет және ақпарат министрлігі, Спорт және денешынықтыру істері агенттігі, Қызылорда облыстық әкімдігі, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры, «КТК» телеарнасы мен ҚР Қазақ күресі федерациясы. Былтыр ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 20-тамызда өткен бәсекеде қызылордалық Ұлан Рысқұл ақтық сында жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевты ұтып, «Қазақстан барысы» атанған болатын.