Қазақ күресінен Минскіде өткен ӘЧ-да топ жарған Талғат Әміреновты жерлестері күтіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Минск төрінде қазақ күресінен 7-ші әлем чемпионатында бірінші орынды еншілеген Талғат Әміренов бүгін Өскемен қаласына келді. Спортшыны жаттықтырушысымен бірге, өскемендік жанкүйерлері құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқарамсының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақ күресінен Минскіде өткен ӘЧ-да топ жарған Талғат Әміреновты жерлестері күтіп алды

Шығыс өңірінің балуаны Талғат Әміренов қарсыластарынан бір бас жоғары екендігін дәлелдеп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ол чемпионатта +90 салмақта ел намысын қорғады. Бәрінен айласын асырып, әлем чемпионы атанған Талғат Әміреновты бүгін өскемендіктер қошеметпен қарсы алды. «Жеңіске жетелеген бапкеріме, жанкүйерлеріме айтар алғысым шексіз. Осы жеңіспен шектеліп қалмай, алдағы күтіп тұрған жарыстарға дайындықты күшейтіп, маған тілеулестік танытқан жандарды тағы да қуантқым келеді», - деді Талғат Әміренов.

Айта кетерлігі, қазақ күресінен Минскіде өткен VII әлем чемпионатына барлығы 42 мемлекет қатысқан. Талғат Әміренов барлығы 4 белдесу өткізген. Жартылай финалда Талғат Нидерланды балуанынан айласын асырса, ақтық сында Беларусь балуанын ұтқан.