Қазақ күресінен АЧ: Алғашқы жарыс күні ел қоржынына 6 алтын медаль түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Түркістан төріндегі Olympic Center спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз — қазақ күресінен өтіп жатқан Азия біріншілігіның алғашқы күні ел қоржынына алты алтын, 2 күміс медаль түсті.

Қазақ күресінен АЧ: Алғашқы жарыс күні ел қоржынына 6 алтын медаль түсті
Фото: Күнсұлтан Отарбай

Алғашқы жарыс күні боз кілемде ерлер арасында 55, 66, 82, 100 келі салмақта, ал әйелдер 48, 56, 65, 77 келі салмақ дәрежесінде кіл мықтылар анықталды. 

Атап айтсақ, ерлер арасында 55 кел салмақта Архат Баймұрзин алғашқы алтын жүлдені сыйласа, 66 келі салмақта Нұрғали Тұрсынғазиев екінші алтын жүлдені сыйлады. Ал 82 келі салмақта сынға түскен Асылжан Кәрім мен 100 келіде белдескен тағы бір отандасымыз Ерқанат Молдағұлов бірінен кейін бірі ел мерейін тасытып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

күрес
Фото: Күнсұлтан Отарбай

Әйелдер арасында сынға түскен балуандарымыз арасында 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Айдана Хасенқызы мен 77 келі салмақта сынға түскен аруымыз Аружан Жандарбай қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, сарықұрлық додасының чемпионы атағына қол жеткізді.

Күрес
Фото: Күнсұлтан Отарбай

Ал 56 келіде сынға түскен аруымыз Ақнұр Асылбекова мен 65 келі салмақта белдескен Ұлдана Таңжарықова екеуі де финалға дейін сүрінбей жетіп, шешуші сәтте Өзбекстаннан келген қарсыластарына ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Жеңімпаз атанған спортшылар 300 мың, күміс жүлдегер атанған спортшылар 150 мың, ал үздік үштікті түйіндеген балуандарға 100 мың теңгеден қаржылай сыйақы табыс етілді.

Енді ертең, яғни екінші жарыс күні балуандар ерлер арасында 60, 74, 90, +100 келі салмақта мықтыларды анықтаса, ал әйелдер 52, 60, 70, +77 келі салмақ дәрежесінде өзара үздіктерін іріктемек.

Айта кетейік, Түркі дүниесінің рухани ордасына айналған қасиетті Түркістан қаласында бастау алған сарықұрлық додасына Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан қатарлы 15-ке жуық мемлекеттен 200-ге жуық балуан қатысып жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Түркістан өрінде қазақ күресінен Азия біріншілігі басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Бүгін Түркістанда Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылды.

Соңғы жаңалықтар