Қазақ күресінен ел біріншілігі: Эльнар Жанболатұлы түйе балуан атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында қазақ күресінен жастар (ұлдар мен қыздар) арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күні үш салмақ санатында балуандар өзара мықтыны анықтап қана қоймай, түйе балуандар атағын да сарапқа салды.
Атап айтсақ, кеше соңғы жарыс кұні 55 келі салмақта бас жүлдені түркістандық Рузимон Тугушев жеңіп алса, екінші орынды Ердос Ғизат (Абай облысы), ал үздік үштікті Білімжан Талғат (Алматы қаласы) қанжығасына байлады.
60 келі салмақта чемпиондық атаққа шымкенттік Бағдат Оралбай қол жеткізсе, күміс жүлдені Сәкен Мажит (Алматы қаласы), қола жүлделерді Береке Серік (Жамбыл облысы) пен Жансерік Аскербекұлы (Ақтөбе облысы) өзара бөлісті.
66 келіде жамбылдық Жалғас Жоспарға тең келер ешкім болған жоқ. Екінші орынды Бекжан Ғалымжан (БҚО) жеңіп алса, үздік үшінші орындарды Ғазиз Оспан (Шымкент қаласы) мен Нұржан Сәрсенғалиев (Атырау облысы) өзара бқлісіп алды.
Ал біріншіліктің соңында түйе балуандар сайысы өтті. Аса тартысты өткен белдесуде бас жүлде батысқазақстандық Эльнар Жанболатұлына бұйырды. Екінші орынды Сардар Абдисамитұлы (Түркістан облысы) жеңіп алса, үшінші орындарды Алихан Назымханов (Түркістан облысы) пен
Бибарыс Нұғман (Жамбыл облысы) иеленді.
Жалпыкомандалық есепте І орынды – Жамбыл облысы (3 алтын, 2 күміс, 3 қола), ІІ орын – Абай облысы (2 алтын, 4 күміс, 4 қола), ІІІ орын – Түркістан облысы (2 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль) ие болды
Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресі насихатталып жатқан бұл чемпионат аясында 2004-2006 жылдары туған балуандар арасында өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін жарыстың бірінші және екінші күні кімдер жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.