Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында түркістандық жас балуандар үздік шықты

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

қазақ күресі
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Жарыстың соңғы күні үш салмақ дәрежесі және «Түйе балуан» санаты бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

Батысқазақстандық Айбатыр Миразат 55 келіге дейінгі салмақта финалда қосымша уақытта астаналық Диас Дәулетке есе жіберді. 

Қарағандылықтар Нұролла Хамит пен Ержан Мұсаға қола бұйырды. 

қазақ күресі
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Ал 60 келіге дейінгі салмақта түркістандық Рузимон Тугушев қарсылас шақ келтірмесе, ақтөбелік Арсен Сошнин күмісті, Алматы облысының өкілі Әділжан Тойжан мен астаналық Жалғас Бескемпір қоланы қанағат тұтты.

66 келіге дейінгі салмақта астаналық Нұрдәулет Алдаберген үздік шықса, жамбылдық Бекасыл Жаңабай екінші, Алматы қаласынан Сәкен Мәжит пен Жанасыл Дінмұханбетұлы үшінші орынға көтерілді. 

Түркістандық Сардар Абдисамитұлы «Түйе балуан» атанса, ақтөбелік Әмірбек Рахимов күміс, атыраулық Думан Маратов пен шымкенттік Нұрболат Жамбыл қола медальға ие болды.

Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының өкілдері 6 алтын, 1 күміс, 4 қоламен көш бастаса, абайлықтар (4 алтын, 4 күміс) екінші орын алды. Астана қаласының балуандары (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) үздік үштікті түйіндеді.

қазақ күресі
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында 470-ке жуық балуан бақ сынап жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар