Қазақ-қырғыз экспорттық-импорттық операцияларына арналған логистикалық орталық құрылуы мүмкін

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Экспорттық-импорттық операцияларды ынтыландыру үшін тауарларды рәсімдеу бойынша логистикалық орталық құрылуы мүмкін. Бұл мәселе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің кездесуі барысында көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ-қырғыз экспорттық-импорттық операцияларына арналған логистикалық орталық құрылуы мүмкін

Мемлекет басшысы шекаралас өңірлердегі байланыстарды нығайту үшін екі ел азаматтары мен тауарларының тасымалын жақсартуға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатқандығын атап өтті.

«Экспорттық-импорттық операцияларды қолдау әрі ынтыландыру үшін Қазақстан тарапы тауарларды рәсімдеу мен өңдеу бойынша логистикалық орталық құруды ұсынды. Жобаны жүзеге асыру әкімшілік рәсімдерді және екі ел аумағында тауарлардың қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді», - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстары ортақ құндылық екенін атап өтті. Өзендерді тиімді пайдалану ондаған миллион адамның тағдырына, сондай-ақ барша өңірдегі тұрақтылыққа қатысты. Бүгінде екі ел арасында су-шаруашылық мемлекетаралық нысандарды пайдалану бойынша бірлескен комиссия жұмыс істеп келеді.