12:17, 17 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Қазақ-қырғыз шекарасында екі застава ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай №2038 әскери бөлімінде алғаш рет модульді кешен салынып, Қордай ауданына қарасты Еңбек және Ауқатты елдімекендерінде жаңа заставалар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат шекара қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты қос елдімекенде де салтанатты іс-шара өтті. Атап айтқанда, Қордай ауданының Еңбек ауылында «Еңбек» және Ауқатты елдімекенінде «Жасылтөбе» шекара заставасы ашылды. Оған аудан басшылығы, ақсақалдар алқасы өкілдері және ауыл жұртшылығы қатысты.
«Жаңа заставалардың ғимараты жауынгерлік даярлық сабақтарын өткізіп, өз кәсіби шеберліктерін шыңдауға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмысына өте ыңғайлы етіп жасалған. Ал, тұрмыс жайлы болса шекарашылар өз міндеттерін алаңсыз атқара береді» делінген Шекара қызметінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.