Қазақ қыздары 3 ойында өз қақпаларына 15 гол соқтырып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан қыздар арасындағы футболдан «Кубань көктемі» турнирінде аруларымыз үш ойын өткізіп, барлығында қарсыластарына ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
19 жасқа дейінгі жасөспірім қыздардың басын қосқан жарыста отандастарымыз «А» тобында өнер көрсетті.
Алғашқы ойынын Словения құрамасына қарсы өткізіп, 5:1 есебімен ұтылса, екінші ойында Иран аруларына 7:0 есебімен ойсырай ұтылды. Ал үшінші матчын Краснодар өлкесі құрамасына қарсы өткізіп, олардан 3:0 есебімен тағы да жеңіліс тапты.
Осылайша Петр Пак жаттықтыратын Қазақстан арулары топтық кезеңде 3 кездесуін өткізіп, өз қақпасына 15 доп жіберіп, қарсыластарына 1 ғана гол соқты.
Енді жерлестеріміз бүгін Румыния қыздарымен болатын ойында 5-8 орындар үшін сынға түседі.