Қазақ қызы Қытай фильмінде басты рөлде ойнайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда өнерін шыңдап жүрген қазақтың ару қызы Риза Әлімжан бұл елдің кино саласында Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен танымал.

Қазақ қызы Қытай фильмінде басты рөлде ойнайды

Ол 1986 жылы 15 шілдеде Бейжің қаласында дүниеге келген. Қытайдың Baidu іздеу желісіндегі дереккөздерге сүйенсек, таза қазақ отбасында тәрбиеленген. Қыздың әкесі Әлімжан Нұрғазыұлы мен анасы Зайымхан Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар баспасының қазақ редакциясында жұмыс істейді екен. Ризаның хоббиі - ән айту, саяхатқа шығу, кітап оқу.

15 жасынан бастап танымал бола бастаған Риза ең жас сәнбике ретінде атақты сән туралы «Ruili» журналының алғашқы беттеріне бірнеше рет шыққан. Бұған дейін ол «Соқыр кино», «Үлкен шайқас», «Сәттілік келе жатыр», «Жень Хуан Чуан ғибадатханасы» сияқты тағы да басқа фильмдерге түскен.

Қазір «Біз ғана білетін мекен» («Somewhere Only We Know») атты туындыда оңтүстіккореялық EXO тобының бұрынғы мүшесі Ву Ифанмен бірге түсуде. Фильмнің премьерасы келесі жылдың ақпан айына жоспарланып отыр, деп хабарлайды massaget.kz .