Қазақ мәдениетін шетелге таныту үшін ұлттық контент қалыптастыру керек - сарапшы
«Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақстандық мәдениетті шетелге таныту жайлы атқан болатын. Осы бағытта мемлекет мынадай міндеттерді атқаруы тиіс деп ойлаймын. Ең алдымен мәдениет қайраткерлерінің ой-пікірін, түйткілді мәселелерін тыңдау керек. Сапалы ұлттық контент қалыптастырып оны шетелде таныту жұмыстарымен айналысқан абзал. Мемлекет бұл жерде түрлі мәдени бірлестіктердің арасындағы алтын көпір болуы тиіс», - деді Асқар Нұрша.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында елдегі жаңғыру жұмыстары аясындағы отандық бұқаралық мәдениеттің рөлі мен заманауи мәдениеттің адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қаншалықты әсер ете алатындығы туралы пікір алмасты.
«Бұқаралық мәдениет мемлекет халқының рухани дамуындағы деңгейлік көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ол көптеген адамдардың талғамын, мәдени қажеттіліктерін, ойлау жүйесін дамытады. Бұқаралық мәдениетте қалыптасқан образдар заманауи қоғамның қалыптасуына әсер етеді. Алайда бұқаралық мәдениеттің біртұтастықты сақтаудағы оң әсері тек жеке мәдени кодтың барында ғана мүмкін болады. Бұқаралық мәдениет дәстүрлі қалып пен әлемдік жаһанданудағы жаңа тенденциялар арасындағы байланыстырушы болуы керек», - деді пікірталас барысында ӘЭСИ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Асқар Нұрша.
Оның айтуынша, бұқаралық мәдениет Қазақстандағы қоғамдық өмірдің негізгі бөлігіне айналып барады.
«Дәстүр мен заманауи үрдістердің астасуы қазақстандық қоғам өмір сүріп жатқан мәдени ландшафтты қалыптастырды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанда атқарылып жатқан саяси және экономикалық жаңғыру қоғамдық сананың жаңғыруынсыз өтуі мүмкін еместігін айтты. Қоғамдық өмірді жаңғырту саяси және экономикалық жаңғырудың басты негізі болуы керек», - деді А.Нұрша.