Қазақ мәдениетінің элементтері Бакудегі қайырымдылық жәрмеңкесінде ұсынылды

БАКУ. ҚазАқпарат - Бакудегі дипломатиялық корпус өзінің ұлттық атрибутика үлгілерін Әзербайжанда алғаш рет СІМ ұйымдастырған халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесінде ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Қазақ мәдениетінің элементтері Бакудегі қайырымдылық жәрмеңкесінде ұсынылды

Бір шаңырақ астындағы бірегей базар Бакуде аккредиттелген ондаған дипломатиялық ведомстволарды жинады.

Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қытай, Түркия, Украина, Судан, Түрікменстан, Малайзия, Сауд Арабиясы, Египет және басқа да көптеген елдер қатысты.

Гейдар Әлиев атындағы спорт-концерт кешенінде жәрмеңке қонақтарына шет елдердің ұлттық тағамдары мен кәдесыйларының кең ассортименті ұсынылды.

Келушілер тауарларды елшіліктерден символдық бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды, ал барлық түскен қаражатты қайырымдылық мақсатта, атап айтқанда мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттіліктеріне жұмсау жоспарланған.

Біздің елшілігіміздің көмегімен ұйымдастырылған Қазақстан павильонында дәстүрлі қазақ тағамдары қатысушылар арасында үлкен қызығушылыққа ие болды. Дипломаттар дайындаған отандық өнімдер сауданың алғашқы сағаттарында сатылды.

Отандық стендте қазақ ұлттық тағамдарының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын ет, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер көпшілікке ұсынылды. Бауырсақ, самса, манты, чак-чак, жент, қазы, шоколад және тағы басқалар Әзербайжанда кеңінен танымал тағамдар екені жасырын емес.

Шара соңында лотерея ойнатылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қайырымдылық базарының қатысушылары мұндай акцияларды өткізу басқа елдер мен халықтардың мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ білуге, бірлік пен өзара түсіністік атмосферасын құруға, адамдарға жылулық пен жақсылық әкелетінін атап өтті.

Акция Әзербайжан мен БҰҰ арасындағы серіктестіктің 30 жылдығына және БҰҰ күніне арналған.